You are currently viewing Энергетика саласы мамандары марапатталды

Энергетика саласы мамандары марапатталды

Жыл сайын елімізде желтоқсанның үшінші жексенбісінде Энергетиктер күні аталып өтеді. Осы айтулы күнге сәйкес Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық энергетика саласындағы жемісті еңбегі мен елдің инфрақұрылымдық дамуына қосқан үлесі үшін бірқатар энергетика қызметкерлерін марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды.

Бүгін Қазақстан Республикасы Президентінің атынан Шымкент қаласының энергетика саласындағы үздік мамандары “Құрмет” орденімен, “Ерен еңбегі үшін” медалімен және алғыс хаттармен марапатталды. Елеулі құрметке ие болған азаматтар арасында «QazaqGaz Aimaq» АҚ-ның Шымкент қалалық өндірістік филиалының апаттық-диспетчерлік қызметінің cлесарі  Ермахан Маңқараев та бар. Естеріңізде болса ол осы қазан айында Шымкент қаласында бір отбасын газға уланудан құтқарып қалып, ерлігі мен өз ісіне адал кәсіби маман екендігін дәлелдеген болатын.

Марапатты табыс еткен Шымкент шаһараның әкімі Ғабит Сыздықбек ерекше құрметке ие болған азаматтарды кәсіби мерекелерімен құттықтап,  мықты денсаулық, амандық және қиындығы мен жауапкершілігі жоғары еңбектеріне табыс тіледі.

Қала әкімі «Энергетик мамандығы әрқашан сұранысқа ие. Үйдегі жарық, жылу, тіпті су  да— энергетиктердің еңбегінің нәтижесі. Энергетика саласы ауқымды және үнемі білікті мамандарға мұқтаж. Алдағы жыл елімізде Жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланды. Бұл маңызды шешім жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға септігін тигізеді» деп атап өтті.

Сонымен қатар мемлекеттік марапат – «Ерен еңбегі үшін» медалі «QazaqGaz Aimaq» АҚ-ы Атырау өңдірістік филиалының газ желілерін пайдалану және жөндеу  қызметінің  5 тарифтік разрядтағы жерасты құбырларын пайдалану және жөндеу жөніндегі слесарі – Макеев Анатолийге де табыс етілді.

Ол еліміздің газ саласының өркендеуіне үлес қосып, облыс орталығының тұрғындарын үздіксіз көгілдір отынмен қамтамасыз ету жолында маңдай терін төгіп жүрген қарапайым еңбек адамы. «Жас та болса өз жұмысын өте жоғары деңгейде атқарып, талай қауіпті сәттерде жауапты бола білген маман бүгін өзінің лайықты бағасын алып отыр» – деп атап өтті, марапатты тапсырған Атырау облысының әкімі Серік Шапкенов. Аймақ басшысы ерен еңбек иесін құрметке бөленуімен құттықтап, алдағы уақытта да еліміздің дамып-өркендеуіне өз үлесін қоса беруіне тілектестік білдірді.