You are currently viewing Түркістан облысындағы ЖКО салдарынан газ құбыры зақымданды

Түркістан облысындағы ЖКО салдарынан газ құбыры зақымданды

Ағымдағы жылдың 10 желтоқсанында сағат 22:05-те «QazaqGaz Aimaq» АҚ Сарыағаш аудандық газ шаруашылығының авариялық-диспетчерлік қызметінің пультіне Сарыағаш қаласы, Шымкент көшесі (республикалық маңызы бар тас жолы) мекенжайы бойынша газ құбырының зақымдалғаны және газдың шығуы туралы өтінім келіп түсті.

Оқиға орнына авариялық бригада 10 минуттан кейін, сағат 22:15-те келді. Мамандардың анықтауынша, апаттың себебі BMW маркалы автокөліктің жоғары қысымды жер үсті газ құбырына соғылуы болған. Автокөлік соққысының салдарынан екі жерде газ құбыры толықтай істен шықты, сондай-ақ 40 қума метрден астам газ құбыры деформацияланды.

Авариялық бригада газдың шығуын жедел түрде оқшаулап, ысырманы жауып, сүргі салынды, ықтимал салдардың алдын алды. Сондай-ақ, оқиға жөнінде техникалық акт жасалды.

Апат салдарынан:

  • 21 өнеркәсіптік кәсіпорын;
  • 153 коммуналдық-тұрмыстық кәсіпорын;
  • 6 821 жеке сектор абоненті газбен жабдықтаусыз қалды.

Оқиға орнына полиция қызметкерлері шақырылды.

Зақымдалған газ құбырын қалпына келтіру жұмыстары дереу басталды. Оқиға орнына «QazaqGaz Aimaq» АҚ авариялық-қалпына келтіру қызметінің 40-тан астам қызметкерден тұратын жеті бригада жұмылдырылды.

11 желтоқсанда сағат 03:00-ден 03:30-ға дейін зақымданған учаскедегі тарату газ құбырларының герметикалығына тексеру жұмыстары жүргізілді.

Ең алдымен стратегиялық маңызы бар объектілерге (аурухана, емхана, мектептер, балабақшалар және жергілікті полиция ғимараты) газбен жабдықтау қалпына келтірілді.

Түнгі уақытты және газ қауіпі бар жұмыстарды күндізгі уақытта жүргізу қажеттілігін ескере отырып, сағат 09:00-де жеке сектор мен кәсіпорындарды қайта қосу бойынша ауқымды жұмыстар басталды.

2024 жылғы 11 желтоқсан сағат 13:00-ге дейін газбен жабдықтау толығымен қалпына келтіріледі деп күтілуде.