You are currently viewing Апаттың дені табиғи газдан емес, сұйытылған газ баллондарынан

Апаттың дені табиғи газдан емес, сұйытылған газ баллондарынан

Көгілдір отынның игілігін көрумен қатар, табиғи газды тұрмыста қауіпсіз пайдалану ережелерін қатаң сақтаудың маңыздылығы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен бүгінгі брифингте айтылды. Соңғы жылдарда жиілеп кеткен газға қатысты қайғылы оқиғаларға не себеп деген сұраққа мамандар жан-жақты жауап берді.

Тұрғындарды үздіксіз әрі апатсыз газбен қамтамасыз ету бойынша қабылданған шараларды атап өткен “QazaqGaz Aimaq” АҚ Бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Сәлім Нағым, апаттарға немесе улану фактілеріне көп жағдайда тұрғындардың қарапайым қауіпсіздік ережелеріне деген салғырттығы басты себеп екендігіне тоқталды.

 – Табиғи газдан улану мен жарылыстардың едәуір бөлігі жылу құрылғыларын пайдаланудағы немқұрайлылықтан, әсіресе, мұржалардың тазаланбауы, ескіруі, газ жабдықтарын техникалық тексерістерден уақытылы өткізбеу сияқты қарапайым ережелерді сақтамаудан туындайды. Сондай-ақ тұтынушылардың газ қазандықтарын қосуды немесе тасымалдауды өздері жүзеге асырып, күмәнді не қолдан жасалған газ жабдықтарын қолдануы апатқа себеп болып жатады – деп атап өтті  «QazaqGaz Aimaq» өкілі.

Жалпы жұртқа газ жарылысы негізінен неден болып жатқанын түсіндірген спикер, «апаттардың дені үйге құбыр арқылы тартылатын табиғи газдан емес, газ баллондарына толтырылатын сұйытылған газдан туындауда» деді. Оның себебі де белгілі.

ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасының міндетін атқарушы Рашид Дубаев бұл жөнінде: «Газбен жабдықтау саласындағы апаттың 70%-ы газ баллондарына байланысты. Оқиғалардың негізгі үлесі жылыту кезеңіне тиесілі: жағдайлардың 70%-ы газ баллондарына байланысты проблемалар, 25%-ы улы газбен улану және 5%-ы басқа оқиғалар. Қазіргі қолданыстағы 348 мың баллонның бәрі ескі. Кейбірі тіпті 40 жыл айналымда жүр. Ескерте кететін жайт, көптеген тұрғын тұрмыстық баллондарды көшеде сақтайды, кейін оларды сұйытылған көмірсутек газының толық булануын күтпестен үйлеріне кіргізіп, газ жабдықтарына қосуынан апат орын алады. 2023 жылдың өзінде 128 газ баллоны жарылып, 21 адам мерт болды, 167 адам жарақат алды деген деректі алға тартты. Төтенше жағдай министрлігі бұл мәселе келесі жылдан бастап жаңа бағдарламаға сай шешіле бастайды деп сендірді. Өйткені енді елімізде жылына 70 мыңға жуық газ баллоны шығарылмақ, ал ескі баллондарды қолдануға тиым салынады. 

Апаттардың алдын алудың бірден-бір жолы – халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізу екендігін айтқан «QazaqGaz Aimaq» спикері Сәлім Нағым мырза, тұрмыстағы табиғи оқиғаларды азайту мақсатында телевизия, әлеуметтік желілер, адамдар көп жиналатын орындар, ХҚКО арқылы халықты қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша ақпараттандыру жұмыстарының жүргізіліп, ТЖ департаменттерімен бірлесіп тұтынушыларды аралайтындықтарын жеткізді. Ол берген ақпаратқа сәйкес, 2024 жылдың 11 айында жергілікті арналар арқылы табиғи газды пайдалану қауіпсіздігі туралы бейнеролик 4,5 мыңнан астам рет көрсетілді. Ауруханалар, автобустар, ХҚКО сынды әлеуметтік орындарда 15 мың ротация жүргізіліп, ТЖМ қолдауымен жылу беру маусымы басталғаннан бері 112 қысқа нөмірінен SMS хабарламалар жіберілуде. Ол сондай-ақ, газ жеткізуші тұтынушыға газ беруді біржақты тәртіппен уақытша тоқтатып қоюға құқылы екендігін және әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес тұтынушыларға қауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін айыппұл салу құзыреті жергілікті атқарушы органдарға жүктелгенін тұтынушылар есіне сала кетті.

Журналистерді үйге газ кіргізудің қымбаттығы мәселесі де толғандырды. Сауалға жауап берген Сәлім Нағым, алдымен «QazaqGaz Aimaq» АҚ газды тұтынушыға тек үй шарбағына дейін ғана жеткізетінен, ары қарай оны үйге тарту, газ қазандығын орнату, оның құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу ісімен бәсекелес нарықтағы компаниялар айналысатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, газ қазандығының бағасы үйдің шаршы аумағына қарай 500 мың теңгеден басталады, қалған құрылғы мен қызметтер құнын қосқанда жиыны 1 млн теңгедей шығып жатады.