«QazaqGaz» ұлттық компаниясының «QazaqGaz Aimaq» АҚ еншілес кәсіпорны Ақмола облысының Жібек Жолы ауылын табиғи газға қосты. Қазіргі уақытта Ақмола облысының Аршалы ауданында 16 елді мекеннің 5 256 тұрғыны көгілдір отынға қол жеткізе алады, соның ішінде табиғи газ игілігін көріп отырған 1 954 абоненттің 1 915-і жекеменшік үй секторы және 3 өндірістік, 36 коммуналдық- тұрмыстық мекемелер. Енді Ақмола облысы Жібек Жолы ауылының 6 000 тұрғыны көгілдір отын тұтына алады.
«Көгілдір отынға» қосу рәсіміне Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, «QazaqGaz ҰҚ» АҚ Басқарма Төрағасы Санжар Жаркешов, «QazaqGaz Aimaq» АҚ Бас директоры Бауыржан Асқаров, «QazaqGaz Aimaq» АҚ Астана өндірістік филиалының директоры Уәлихан Қымбатов және өзге де ресми тұлғалар қатысты.
– Табиғи газдың өзге отын түрлеріне қарағанда артықшылығы мол, адамның күнделікті тұрмыс-тіршілігін айтарлықтай жеңілдететіні рас. Көгілдір отын үздіксіз жылу беріп, жайлылық сыйлап, игілікке бөлейді. Алайда, газды тұрмыста пайдаланудағы қауіпсіздік мәселесін бірінші орынға қою қажет, – деп атап өтті «QazaqGaz Aimaq» АҚ Астана өндірістік филиалының директоры Уәлихан Қымбатов.
Жібек жолы ауылындағы табиғи газға алғаш боп қосылған тұрғындардың бірі – Эльвира Қалдыбаева.
– Көгілдір отынға көшкен алғашқы тұрғынбыз. Қыста отын тасып, от жаққан өте қиын. Сондықтан үйімізге газ кіргізіп, өмірімізге жайлылық сыйлаған баршаңызға алғысымды жаудырғым келеді,- деді өз қуанышымен бөліскен Э.Қалдыбаева.