Бүгін «QazaqGaz» ҰК» АҚ баспасөз орталығында табиғи газға қосылу мәселелері және тұтынушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары бойынша баспасөз мәслихаты өткізілді.
Баспасөз мәслихаты барысында Қазақстан азаматтары eGov.kz арқылы бір жылдан бері өз тұрғын үйлері мен нысандарын газдандыру үшін техникалық шарттарды тегін алудың қолайлы тәсіліне қол жеткізе алатындығы атап өтілді.
Газ таратушы компания тарапынан өткен жылдың қазан айынан бастап көрсетіле бастаған аталмыш қызметке осы аралықта 31 мыңнан астам тұтынушы жүгінген көрінеді. Ол негізінен елдімекендері қарқынды газдандырылып жатқан оңтүстік аймақтар мен Қарағанды, Ұлытау және Ақтөбе облыстарын қамтиды.
Бұдан былай жеке тұлғалар өз үйлерінен шықпай-ақ электронды цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) қолданып, eGov.kz порталы арқылы газдандыру үшін техникалық шарттарды алуға өтінім бере алады. Техникалық шарттарды қарау және беру процесіне техникалық күрделі емес объектілер үшін 5 жұмыс күні және техникалық күрделі объектілер үшін 10 жұмыс күні кетеді.
«QazaqGaz Aimaq» АҚ азаматтарға қолайлы жағдай жасау үшін цифрлық технологияларды енгізуді жалғастыруда.
– Абонент үшін жасалған тағы бір ыңғайлылық – тұтынған табиғи газ үшін төлемді өзіне қолайлы түрде жүргізу. «QazaqGaz Aimaq» АҚ және екінші деңгейдегі банктердің уағдаластықтарының арқасында абонент табиғи газды тұтыну қызметі үшін түрлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы ақы төлеуге мүмкіндік алады, – деп түсіндіреді «QazaqGaz Aimaq» АҚ маркетинг және цифрландыру жөніндегі басқарушы директоры Демеу Сейтжанов.
Алайда, газдандыру процесі мен жабдықпен қамтамасыз ету барысында алаяқтар жол кесіп, қарапайым халыққа кесірлерін тигізіп жатыр. Өздерін газ маманы ретінде таныстыратын олар, тұрғындардан техникалық қызмет көрсету үшін ақы төлеуді талап етіп, төлемеген жағдайда көгілдір отын беруді тоқтатамыз деген сияқты қоқан-лоқы жасайтын болған. Және соңғы уақытта мұндай фактілер жиілегендіктен, компанияға тұтынушалардан шағымдар келіп түсуде. Көп жағдайда ондай алаяқтар жасанды қызметтік куәлікті қолдануда.
– «QazaqGaz Aimaq» АҚ тұтынушыдан заңнамаға сәйкес, ҮІГЖ қызмет көрсету шартын талап етуі мүмкін, бірақ белгілі бір ұйыммен шартқа отыруға ұсыныс айтуы не мәжбүрлеуі мүмкін емес. Оның үстіне «QazaqGaz Aimaq» АҚ қызметкерлері ақыны үйде төлеуді талап етпейді. Өйткені барлық төлем қойылған шот бойынша жүзеге асырылады, – деп түсіндірді «QazaqGaz Aimaq» АҚ өндірістік-техникалық департаментінің директоры Абликим Юсупов.
Мұндай алаяқтық жайттар газдандыруға техникалық шарттарды алу барысында орын алуда. Қасқүнемдер техникалық шарттарды ресімдеу үшін ақы талап етіп, азаматтарды жаңылыстырған. «QazaqGaz Aimaq» АҚ мамандары тұрғын үйлер мен нысандарды газдандыруға қажетті техникалық шарттардың тегін берілетінін тағы да еске салады. Сондықтан компания азаматтарды мұқият болуға және тек ресми көздерге ғана сенуге шақырады.
Жылыту маусымының басталуына орай, «QazaqGaz Aimaq» АҚ тұрмыста газ пайдалану қауіпсіздігі ережелеріне тағы да назар аударуға шақырады. Компания барлық бұқаралық ақпарат құралдарында тұрмыста газды қауіпсіз пайдалану ережелерін үнемі еске салып, ескерту жадынамаларын таратады және нұсқаулықтар өткізіп тұрады. Өкінішке орай, табиғи газды тұтынушылар бұл ескертулерге немқұрайлы қарайтынын жыл сайынғы статистиканың өзі көрсетіп отыр.
Уланулар мен жарылыстардың басым бөлігі тұрғындардың газ тұтыну жабдықтарын пайдалану кезінде қарапайым қауіпсіздік ережелерінің сақтамағандығынан туындап жатады. Үй иелерінің газды өз бетінше қосуы, құрастыруы немесе орнын ауыстыруы, сонымен қатар күмәнді не қолдан жасалған газ жабдықтарын пайдалануы да қайғылы жағдайларға апарып соқтырады.
Оқыс оқиғаларға мұржаларда түтіннің жеткілікті тартпауы немесе түтінтартқыштың болмауы себеп болып жатады. Сонымен қатар оған техникалық қызмет көрсетілмегендігі (тазаланбағандығы) де басты түйткілдер.