You are currently viewing Қауіпсіздік бәрінен маңызды!

Қауіпсіздік бәрінен маңызды!

«QazaqGaz Aimaq» АҚ ауа-райының салқындауына және жылыту маусымының басталуына байланысты улы газбен улану қаупі артқанын ескертеді.

«QazaqGaz Aimaq» АҚ  теледидар мен бұқаралық ақпарат құралдарында тұрмыста газды қауіпсіз пайдалану ережелерін үнемі еске салады, ескерту жадынамаларын таратады және нұсқаулықтар өткізеді. Өкінішке орай, табиғи газды тұтынушылар бұл ескертулерге немқұрайлы қарайтынын жыл сайынғы статистиканың өзі көрсетіп отыр.  

Газ қызметкерлері берген мәліметке сай, орын алған қайғылы жағдайлардың басым бөлігі, негізінен газ тұтыну жабдықтарын пайдалану кезінде қарапайым қауіпсіздік ережелерінің сақтамағандығынан туындаған. Себептер: жылыту құралдарын пайдалануға немқұрайлы қарау, оларды өз бетінше қосу, құрастыру немесе орнын ауыстыру, қолдан жасалған газ жабдықтарын пайдалану, тамақ дайындауға арналған газ жабдығымен үй-жайларды жылыту, техникалық қызмет көрсетуді орындамау, мұржаның түтін тартуын тексермеу.

Үй-жайларды ауамен желдету жеткілісіз болса, терезелер мен желдету арналары жабық жағдайларда, сондай-ақ, кірпіш пен сылақ тығыздығы бұзылған кездерде газ жабдығы пайдаланылған сәтте газ түтіні сыртқа шықпай, үй-жайды бірден улы газға толтырады! Улы газдың аз ғана мөлшерінің өзі қанға тез өтіп, адамды жылдам улайды. Бөлмеде 0,5% улы газ жиналғанның өзі 20 минуттан кейін адамның тынысын тарылтып, жүрегі тоқтайтындай халге апарып соқтырады!

Сондықтан мұржа мен желдету арналарының дұрыс жұмыс істеуі – СІЗДІҢ қауіпсіздігіңіз бен денсаулығыңыздың кепілі екенін естен шығармаңыз! Өйткені улы газбен уланудың ең көп оқиғасы мұржаның тұтастығы бұзылғандықтан немесе түтіннің тартпауынан туындап жатады.

Есіңізде болсын! Жұмыс істеп тұрған газ жабдықтарын қауіпсіз пайдалануға және желдету арналары мен түтін мұржаларының жарамды жай-күйіне үй иелері жауапты!

Бірақ, өкінішке орай, үй иелері мұржаларды үнемі тазалап, тексеруде салғырттық жасайды.

Мұржаның тұтастығын, оның бітелмеуін және түтіннің тартылуын үнемі тексеріп отыру қажет. Қыс мезгілінде далада тұрған мұржаға мұз қатуы мүмкін, сондықтан оның мұзбен бітелмеуін үнемі тексеріп, мұржа қақпағын ашып, мұздан тазарту тұру керек.

Газ тұтыну жабдығын пайдалану кезінде улы газ тараған жағдайда газ беруді өшіру автоматикасы бар дабылқаққыш сигнализаторларды орнатқаныңыз жөн.

Есіңізде болсын!!!  Газ – оны дұрыс пайдаланбаған кезде ғана қауіпті! Қарапайым ережелерді сақтау – Сіздің және сіздің отбасыңыздың амандығының кепілі!