Шымкентте жақын арада газ тұтыну көлемі 370 мыңнан 500 мың текше метрге жетеді. Бұл жөнінде шаһарға жұмыс сапарымен барған «QazaqGaz» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы мәлімдеді. Қазір қалада жылыту маусымына дайындық пысықталып жатыр. Сала мамандары ақауы бар газ жүйесін жөндеп, тозығы жеткен құбырларды ауыстырды.
Мегаполисте 236 мың абоненттің сұранысы бойынша сағатына 370 мың текше метр газ беріледі. Жыл соңына дейін тағы 7 шағын ауданды газдандыру жоспарланған. Шаһар аумағының көгілдір отынмен қамтылу деңгейі 96%. Ал «QazaqGaz» ұлттық компаниясы наурыздан бастап келесі жылыту маусымына дайындықты жүргізіп келеді.
Санжар Жаркешов, «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:
Біз қаланы аралап, біріншіден, күзгі-қысқы жылыту кезеңіне дайындық барысын қарастырдық. Көптеген проблеманы шештік. Тұтыну көлемі бар Шымкент қаласында, жақын арада 500 мыңға жетеді.
Шымкент қаласы бойынша нақты тұтынылатын газ көлемін есепке алу цифрландыру арқылы оңтайланған. Абоненттің мекен-жайы GPS-пен анықталып, оның қанша газ тұтынатынын мамандар қашықтан көріп отырады. Газ қысымын реттеу мәселесі де шешілген. Қазір тозығы жеткен 4 бірдей газ тарату бекетін заманауи жалғыз стансамен алмастыру арқылы «QazaqGaz» абоненттерге қажетті қысымды оңай реттей алады. Дайындық аясында үйлерге газ жеткізетін әрбір жабдық мұқият тексеруден өтіп жатыр.
Талғат Дүйсенов, «QazaqGaz Aimaq» АҚ Шымкент өндірістік филиалының слесарі:
Мұны күніне 10-15 қараймыз. Бір қарау үшін 1,5-2 сағатқа дейін кетіп қалады. Мұны шашып қараймыз. Арасында жарамайтын бөліктері болса, инженерге айтып, затын алдырамыз.
Қала бойынша 8 мың шақырым газ құбыры бар. Компанияға тиесілі 5 мың км бөлек, жекеменшік немесе мемлекеттік мекемеге қарасты құбырлар да бар. Олардың барлығына «QazaqGaz Aimaq» тұрақты қызмет көрсетеді. Бүгінге дейін құбырлардың бүлінген жері жөнделді, қажет болса алмастырылды, оңған жері боянып-сырланды.
Ермек Қалдығұлов, «QazaqGaz Aimaq» АҚ Шымкент өндірістік филиалының директоры:
Газ құбырлары қазіргі таңда қолданыстағы заманауи полителен құбырларына ауыстырылуда. Тозудан, шіруден жақсы және оның эксплутациялық мерзімі әлдеқайда ұзақ.
Қазір «QazaqGaz Aimaq» компаниясының Шымкент бойынша қыс маусымына дайындығы 72 % болып тұр. Мамандар жылыту науқанына әзірлік тек бір тараптан емес, тұтынушылар да сақадай-сай отыруы керегін хабарлайды. Қала тұрғындары ішкі газ құбырына техникалық қызметті дер кезінде алып, мұржаны тазартуы қажет.