You are currently viewing Қауіпсіздік бәрінен маңызды!

Қауіпсіздік бәрінен маңызды!

Табиғи газ – жайлылық пен халықтың әл-ауқатының жақсару белгілерінің бірі. Халықты газбен үздіксіз қамтамасыз етуді басты мақсаты санайтын  «QazaqGaz Aimaq» АҚ тұтынушыларды газды пайдаланғанда қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға, әсіресе газ құрылғыларын пайдалану кезінде аса сақ және мұқият болуға шақырады.

Бөлмеде, кіреберісте немесе көшеде газдың иісі пайда болған кезде не істеу керек

  • Газ және электр құрылғыларын ажыратыңыз, бөлмені желдетіңіз.
  • Жақын жерде ешкімнің от немесе электр жарығын қолданбағанына көз жеткізіңіз (темекі шегуге, ажыратқыштарды және кез келген тұрмыстық техниканы пайдалануға тыйым салынады).
  • Газдалмаған бөлмеден 104 авариялық қызметін шақырыңыз.

Жеке тұрғын үйдегі газ

Жеке тұрғын үйлерде, сондай-ақ саяжайлар мен гараждарда көміртегі газымен улану жағдайлары жиі кездеседі. Біз пеш жағып жылытуды емес, газ қазандығын пайдаланып жылытуды және су жылытқыштарын пайдалануды қарастырып отырмыз. Алайда, газ жанарғысы бар пәтерлердің тұрғындары, сондай-ақ маусымаралық уақытта плитада газды қосып жылынатандар да улануы мүмкін. Көміртегі газы түссіз, иіссіз, оттегін жағып жібереді, сол үшін өте қауіпті болып табылады.

Уланудың негізгі себептері – түтін мұржаларының ақаулығы, оларды дұрыс пайдаланбау және ванна бөлмесіне газды су жылытқыштарын өздігінен орнату.

Бір текше метр газдың жануы үшін 10 текше метр ауа қажет екенін білуіңіз керек. Алайда жуынатын бөлмелерде мұндай жағдайлар жоқ. Газды су жылытқыштарын тек желдету арнасы және бөлмеге ауа ағыны үшін ашылатын желкөзді терезесі бар асүйлер мен пеш тұратын бөлмелерінде орнатуға болады. Ауадағы көміртегі тотығының небәрі 0,1 пайызы шоғырланған кезде адам бір сағаттан кейін есінен танып қалады. 0,5 пайыз кезінде 20 минуттан кейін, бір пайыз кезінде бір минуттан кейін өлімге әкелетін улану пайда болады.

Тұрғын үйлерді, пәтерлерді және басқа да объектілерді газдандыру кезінде үй-жайлардың газдануын бақылайтын сигнализаторларды орнатуды көздеу қажет.

Желдету

Тұрмыстық газдың иісі жоқ. Біз әдетте «газдың иісі» деп атайтын нәрсе – бұл газдың шығып кетуін анықтау үшін көгілдір отынға қосатын әртүрлі иістер. Бірақ сонда да кейде иіс сезілмейді.

Осыған байланысты желдету жүйесі маңызды рөл атқарады. Ешқандай сылтаумен (жәндіктердің пайда болуына байланысты, дизайн, ыңғайлылық үшін) сорғыштар мен желдеткіш арналарды жабуға, безендіруге, бекітуге болмайды.

Оларды 2014 жылдан бастап жеке компаниялар тексереді. Мұндай қажеттілік қауіпсіздік мақсатында пайда болды, өйткені көптеген үй иелері интерьердегі сұлулықты қуып, желдеткіш саңылауларды жиһазбен, плиткалармен, тұсқағаздармен жабады.

Жеке компаниялардың қызметкерлері жылына бір рет үйлер мен пәтерлердегі желдеткіштердің жағдайын тексеруі керек.

Тексерушілер шарт жасауға және өзімен бірге жеке куәлік пен тексеруді тағайындау туралы актіні алып жүруге міндетті, құжатсыз олардың жұмысты бастауға құқығы жоқ. Онда: тексерушінің тегі, аты және әкесінің аты, мерзімі, ұзақтығы, тексерудің мәні мен түрі көрсетілуі керек. Егер кем дегенде бір нәрсе сәйкес келмесе, бұның өзі бұзушылық болып саналады.

Сонымен қатар: ЖШС немесе ЖК мемлекеттік орган болмағандықтан, олар тексеруге мәжбүрлей алмайды. Сондықтан сіз осы қызметке рұқсаты бар кез келген басқа компанияның қызметтерін пайдалана аласыз.

Газды тұрмыста пайдалану ережелері

– Газ құрылғыларының қалыпты және дұрыс жұмыс істеуін қадағалаңыз. Мұржалар мен желдеткішті тексеру үшін тек мамандандырылған ұйымдарды шақырыңыз.

– Газ пешін қолданар алдында сорғышты реттейтін қалқалағаштың толық ашылғанын тексеріңіз, мұржаның қалташасын мезгіл-мезгіл тазалаңыз (күйе жинайтын техникалық ойық).

– Егер сіз үйден ұзақ уақытқа кететін болсаңыз, газ құрылғыларындағы барлық крандарды жабыңыз. Баллондарды пайдаланған кезде, тамақ пісіргеннен кейін әр уақытта олардың шұрасын жабыңыз.

– Газ саласының қызметкерлері өздерінің қызметтік куәліктерін көрсеткен жағдайда ғана газ құбырлары мен жабдықты тексеру және жөндеу үшін үйге кіргізуге болады.

– Егер сіз үйден бір айдан астам уақытқа кетсеңіз, газ шаруашылығы кәсіпорнын міндетті түрде хабардар етіңіз.

Газ жабдықтарын орнату мен жөндеуді тек білікті мамандар жүргізуі тиіс. Газдандыру кезінде қауіпсіздік автоматикасымен жабдықталған жабдықты қолдану (ол жанарғының жалыны сөнген кезде және тартым болмаған кезде газ беруді өшіруді қамтамасыз етеді) және газдың кему сигнализаторларын орнату ұсынылады.

Газ құрылғыларын басқа орынға орналастыру және қосымша нүктелерді орнату тек қызмет көрсететін компаниямен келісу арқылы орындалуы қажет.

104 қызметі шұғыл әрекет етумен айналысады. Егер газдың көп шығып кетуі орын алғанда, сондай-ақ сіздің қызмет көрсететін компанияңыздың демалыс күндеріне сәйкес келген жағдайда 104 қызметін шақыру қажет.

– Үйді өз бетінше газдандыруға, кез келген газ жабдығының орнын ауыстыруға, өзгертуге, жөндеуге;

– Жабдықтың орналасқан жерін өзгерте отырып, тиісті қызметтердің рұқсатынсыз үй-жайды қайта жоспарлауға;

– Газ аспаптарының, түтін және желдету арналарының конструкциясын өзгертуге;

– Қолда бар қауіпсіздік автоматикасын өшіруге;

– Ақаулы жабдықта газды пайдалануға;

– Жұмыс істеп тұрған газ құрылғыларын қараусыз қалдыруға немесе балаларға пайдалануға рұқсат беруге;

– Үй-жайларды жылыту үшін газ плиталарын пайдалануға;

– Газ аспаптары орнатылған үй-жайларда ұйықтауға;

– Газдың ағып кетуін анықтау үшін ашық отты қолдануға тыйым салынған!