Жамбыл облысында апаттық бригадалар саны былтырмен салыстырғанда 4 есеге дейін өсті.
Олар жылыту маусында апаттың алдын алып, төтенше жағдай бола қалса, шұғыл қалпына келтіреді. Қазір мамандар қысқы дайындық жұмыстарына қызу кіріскен.
Байзақ ауданының орталығы Сарыкемер ауылында жыл санап халық саны артып жатыр. Мәселен, Кеңесхан Орынқұлов көшесіне 2009 жылы газ құбыры тартылған. Бірақ шағынаудан аумағы артып, кейінгі жылдары 250-ге жуық абонент қосылды. Соған сай құбырдағы қысым төмендеп, газ жетіспеушілігі туындаған. Биыл мәселе шешімін тапты.
Әлибай Берденов, Сарыкемер ауылының тұрғыны:
– Бұрын жіңішке құбыр болатын. Енді жуан құбырдан қойып, қазір, міне, күннен-күнге көбейіп жатыр ғой, мына үйлер салынып жатыр. Учаске беріліп жатыр соған. Мынау бұрынғы есеппен «расчетталған» ғой. Енді қазір құбырлардың үлкенінен ауыстырып жатыр. Рақмет оның бәріне де.
Былтыр Таразда 23 апаттық бригада болса, биыл олардың саны 85-ке жетті. Бұл дегеніміз – 170 маман. Оған аудандардағы 80 қызметкерді қосыңыз. Сол мамандар апаттың алдын алу үшін газ құбырларын ауыстыру, ескірген газ реттеу пунктерін жаңғырту жұмыстарына кірісті.
Бақтияр Көпбосынов, «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ Жамбыл өндірістік филиалының директоры:
– Қазір Мойынқұм, Сарысу аудандарында газ жоқ. Сол аудандарға қазір Үкімет жағынан облыстық әкімішіліктен ақша бөлініп. Осы 2 жылға 43 миллиард қаржы бөлінген. Биыл 16 миллиард бюджеттен қосымша сұрап жатыр облыстық әкімдік. Сол оның бәрі газды реттеу, халыққа жеткізу мақсатында.
Жамбыл облысында 7 мың шақырымнан асатын газ құбыры бар. Олар қазір жылыту маусымына 53%-ке дайын. Жалпы биыл республика бойынша газдандыруға ерекше көңіл бөлініп отыр. Бүгінде 150 жоба қолға алынған.
Сәлім Нағым, «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ бас директордың өндіріс жөніндегі орынбасары:
– Республика бойынша биыл Мемлекет басшысының тапсырмасымен Атырауда өткен үшінші құрылтайда жалпы қаржы саны 195 миллиард бөлінеді. Бұл – бұрын-соңды болмаған нәрсе. Жылда егер Қазақстан бойынша 90 миллиард бөлінсе, биыл 195 миллиард.
Айта кетерлігі, Жамбыл облысы тұрғындарының 91%-і көгілдір отынды пайдаланып отыр. Мамандар алдағы 2 жылда бұл межені 100%-ке жеткізбек.