«QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ Алматы қаласындағы 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақтағы Мәңгілік алау мемориалын табиғи газға қосты. Мәңгілік алау 1975 жылы мемориалдық кешен ашылған кезде тұтанған болатын.
Бүгінгі күнге дейін Мәңгілік алаудың жанып тұруы үшін сұйытылған газ пайдаланылып келді, енді «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ табиғи газды қосу арқылы ескерткіштегі алаудың үздіксіз, тұрақты жануын қамтамасыз етті.
Іс-шаралар аясында «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ мамандары мемориалдық кешеннің газ жабдығына жөндеу және реконструкция жұмыстарын жүргізді, газ құбырын жеткізді, желге төзімді тұтандырғыш газ жанарғысын, жерде тұйықталатын катодты қорғау станциясын, газ құбырында трассалық іздестіру жұмыстарын жүргізуге арналған кабель-спутнигін орнатты, газ құрылғыларын тазалап, ауыстырды.
Мәңгілік алау мемориалын табиғи газға ауыстыру – жылыту маусымына дайындық аясында жүзеге асырылды. Жалпы, алдағы жылыту маусымына дайындық барлық өңірлерде қарқынды жүріп жатыр.
«QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ Бас директоры Бауыржан Асқаровтың айтуынша, «алдағы жылыту кезеңіне сапалы дайындалу – басты ұстаным. Осыған байланысты алдағы күзгі-қысқы кезеңге дайындық алдыңғы жылыту маусымы аяқталғаннан кейін бірден басталды. Еліміздің барлық аймақтарында газ тарату желілері тексеріліп, қажет жерлерде жөндеу жүргізіліп жатыр, жабдықтар ауыстырылып, жаңа газ құбырлары салынып жатыр».
Бүгінде 423 шақырым газ құбыры арнайы құралмен тексерілген. Сонымен қатар, жерасты газ құбырларының электрохимиялық қорғанысы да тексерістен өткізілді. 638 газ тарату пункті мен 54 мың шкафтық тарату пунктіне толық жөндеу жүргізілді. Жылыту маусымына дайындық шаралары аясында 30-ға жуық техникалық жұмыс атқарылады.
«QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ мамандары қазіргі сәтте алдағы жылыту маусымына әзірлік жұмыстарының 47%-ын аяқтап үлгерді. Күзгі-қысқы кезеңнің басында дайындық 100% болады. Жалпы, жылыту маусымына дайындық барысы жоспарға сай әрі сапалы жүргізілуде. Еліміздің барлық аймақтарында газ қондырғыларын жөндеу мен ауыстыру жұмыстарын Компанияның техникалық қызмет көрсету мамандары атқаруда.
Анықтама: Даңқ мемориалы – Алматыдағы 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақта Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 30 жылдығына орай бой көтерген мемориалдық кешен. Еске алу аллеясында немістермен тең емес шайқаста беріспеген 28 батыр-панфиловшының есімдері жазылған обелисктер орнатылған және оның ортасында Мәңгілік алау жанып тұр, оған мереке күндері қала тұрғындары мен қонақтары 1941-1945 жж. соғыста қаза тапқандарға құрмет белгісі ретінде гүл шоқтарын қояды. Бүгінгі таңда 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақ – Алматыдағы ең танымал демалыс саябағы болып табылады.