«QazaqGaz Aimaq» АҚ тұрғындарға ыңғайлы болу үшін және өз қызметтерінің тиімділігін арттыру үшін цифрлық технологияларды енгізу саласында белсенді жұмыс жүргізіп келеді.
Газ саласын цифрландырудың халықаралық тәжірибесі де жан-жақты саралануда.
Биылғы 18 қаңтарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Италияға ресми сапары аясында QazaqGaz және Pietro Fiorentini ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.
Қол қойылған құжат газ тарату саласында инновациялық шешімдерді әзірлеу және енгізу мақсатында деректерді қашықтан беру функциясы бар газ есептегіштерін орнату жөніндегі жобасын іске асыру, өзара ақпарат, тәжірибе және технологиялармен алмасу бағыттарын қамтиды.
Итальяндық Pietro Fiorentini – табиғи газды дистрибьюторлар мен тұтынушылардың қауіпсіз пайдалануын арттыру мақсатында табиғи газды реттеу және есепке алу бойынша компоненттерді, жүйелер мен қызметтерді әзірлеу, өндіру және сату бойынша жетекші компания.
Осы итальяндық компанияның өндірістік қуаттарымен танысу, ынтымақтастықты нығайту және тәжірибе алмасу мақсатында «QazaqGaz Aimaq» АҚ делегациясы Pietro Fiorentini компаниясында болды.
Жұмыс сапары барысында «QazaqGaz Aimaq» АҚ делегациясы газды есепке алу аспаптары мен электрондық түзеткіштер өндірісінің толық циклімен танысты. Деректерді беру түрлері мен хаттамалары бойынша, сондай-ақ газды есепке алу аспаптарынан, қысым және температура датчиктерінен деректерді жинау схемасы бойынша ақпарат алынды.
Сондай-ақ, Pietro Fiorentini топ-менеджерлерімен және техникалық мамандарымен кездесулер өткізілді, қазіргі және болашақ жобалар мәселелері, сондай-ақ ынтымақтастықты жалғастыру мүмкіндіктері талқыланды.
Бұл сапар «QazaqGaz Aimaq» АҚ мамандарының шетелдік әріптестерімен жемісті ынтымақтастық пен технологиялық алмасудың негізін қалады. Екі компанияның бірлескен жобалары газ саласындағы инновациялық шешімдерді дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашатыны сөзсіз.
Өз кезегінде, «QazaqGaz Aimaq» мамандары газ саласын цифрландыру бағытындағы жетістіктерімен таныстырды.
Атап айтсақ, былтырғы қараша айынан бастап, «QazaqGaz Aimaq» үйді не объектіні газдандыру үшін техникалық шарттарды (ТШ) беру процестерін жетілдіріп, автоматтандырды. Ал техникалық шарттарды алу газдандырудың алғашқы қадамы болып табылады.
Енді Қазақстан азаматтары eGov.kz арқылы (https://egov.kz/services/GAZ01/ ) өздерінің тұрғын үйлері мен объектілерін газдандыру үшін техникалық шарттарға онлайн өтінім беріп, дайын техникалық шарттарды SMS түрінде алынған сілтеме бойынша жүктеп алады.
eGov.kz порталы арқылы осы күнге дейін бұл қызметті 9 мыңнан астам тұтынушы пайдаланды.
Газ саласын цифрландырудың маңызды бағыттарының бірі газды есепке алу процестерін цифрландыру және «ақылды» есептегіштерді енгізу. Бұл ішкі нарықта газды ұтымды пайдалануды қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта 90 000 данадан астам Smart-есептегіштер бірыңғай жүйеге біріктірілген. Өнеркәсіптік кәсіпорындарда деректерді беру функциясымен 108 есептеу құралы орнатылды.
Шымкент қаласында газ тұтыну дерегін цифрландыру бойынша 2023 жылы 10 мыңнан астам адам тұратын Таскен шағын ауданын «ақылды есептегіштермен» толық қамтамасыз ету жүргізілді. Бұл күнделікті тұтынған газдың көрсеткішін дәлме-дәл алуға, қарызы бар абонентті қашықтан өшіруге, қателіктер мен алаяқтық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік берді.
Осы цифрландыру жобасының арқасында Шымкент қаласы бойынша газды есепке алудың сапасы мен дәлдігі артты, қала бойынша газ шығыны 34%-ға төмендеді, сондай-ақ дебиторлық берешек 47%-ға төмендеді.
Алдағы уақытта «QazaqGaz Aimaq» АҚ цифрландыру жөніндегі жобаларды республиканың басқа өңірлерінде де жалғастырады.
Бұдан басқа, «QazaqGaz Aimaq» АҚ-да тұтынушыларды ақпараттандыру және газбен жабдықтау мәселелері бойынша өтініштерді жедел өңдеу мақсатында 5169, сондай-ақ WhatsApp – 8-777-121-26-26 нөмірі бойынша бірыңғай байланыс орталығы мен жедел желі жұмыс істейді. Ай сайын бірыңғай байланыс орталығының операторлары тұтынушылардан түскен 3,5 мыңнан астам өтінімді өңдейді. Азаматтарды алаңдататын сұрақтардың басым бөлігі – тұрғын үйлерді газдандыруға қатысты болып келеді.
Сонымен қатар, 2023 жылы «QazaqGaz Aimaq» АҚ газ маркетплейсін (https://market.ktga.kz) іске қосты, бұл тұрғын үйді газдандыру бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүзеге асыратын лицензияланған компанияларды іздеуді жеңілдетті. Сондай-ақ, пайдаланушылар портал арқылы бірден бірнеше компаниядан баға ұсыныстарын сұратуға және үй ішілік газ жабдықтарын (ҮІГЖ) сату туралы ақпарат алуға мүмкіндігі бар.
Енді компания процестерін одан әрі цифрландыру жоспарында –«QazaqGaz Aimaq» АҚ мобильді қосымшасын іске қосу.
«QazaqGaz Aimaq» АҚ газ саласын цифрландыру және жетекші әлемдік компаниялармен тәжірибе алмасу – саланы жаңғыртуға және оның әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал ететінінен сенімді, сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарын тұрақты жалғастырып, адамдарға жылу мен қуаныш сыйлайтын миссиясын тоқтаусыз атқара бермек.