«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Бас директоры Бауыржан Асқаров 2023 жылдың 6 айының қорытындысы бойынша еңбек ұжымымен есеп беру кездесуін өткізіп, қаржы-шаруашылық қызметінің қорытындыларына, компанияның жетістіктері мен болашақ жоспарларына тоқталды.
Ол «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қазақстанның 11 облысында, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларында 11,7 млн.астам тұрғынды (бұл 2,3 млн. абонент) және 55 мың кәсіпорынды табиғи газбен үздіксіз қамтамасыз ететінін атап өтті. Есептік кезеңде абоненттердің жалпы санына тағы 39 638 абонент қосылды, 2022 жылдың қорытындысымен салыстырғанда 1,4% – ға өсті.
Ішкі нарыққа газ 66 мың км-ден астам газ құбырларын қамтитын газ тарату жүйесі арқылы жеткізіледі.
Бас директор маңызды өзгерістердің бірі ретінде тұрмыстық тұтынушыларға техникалық шарттар (ТШ) беру үшін қажетті құжаттар тізбесінің қысқарғанын атап өтті. Енді ТШ алу үшін жеті құжаттың орнына тек төрт құжат қажет, бұл рәсімді клиенттерге барынша ыңғайлы етеді.
Сондай-ақ жеке тұрғын үйлерді қосуға тексеру үшін атқарушылық-техникалық құжаттаманың тізбесі қысқартылды (14-тен 9 атауға дейін).
Бұдан басқа, компания Қарағанды облысының Жезқазған және Теміртау қалаларында тарату желілерінің құрылысын белсенді түрде жалғастыруда. Бұл қадам халық үшін газға қолжетімділікті жақсартуға және сенімді жеткізілімдерді қамтамасыз етуге бағытталған.
Сондай-ақ, республиканың 10 өңірінде инвестициялық жобалар іске асырылуда. Осы жұмыстардың арқасында тұрғын үй құрылысы, ТКШ салаларындағы инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру, шағын және орта бизнес кәсіпорындарын қолдау жаңа серпін алуда. Газдандыру қалалар мен шалғайдағы кенттердің дамуына оң әсер етеді, өндірістік және әлеуметтік саланы одан әрі дамыту үшін перспективалар жасайды.
«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ «адамдарға жылулық пен қуаныш сыйлау, еліміздің әл-ауқатының өсуіне үлес қосу» миссиясын жалғастыруда. Ол үшін компания ұсынатын қызметтер сапасының жоғары деңгейін қамтамасыз етуді жалғастыру қажет.
2023 жылдың бірінші жартыжылдығындағы нәтижелер бұл прогресті көрсетеді және болашақта одан да үлкен жетістіктерге уәде береді. Сондай-ақ, компания басшысы қызметкерлерді әлеуметтік қолдауға ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті.
Бас директор Бауыржан Асқаров есепті мерекелік нотада аяқтап, мұнай-газ кешені қызметкерлері күнінің кәсіби мерекесі қарсаңында компания қызметкерлерін марапаттап, олардың газ саласын дамытуға қосқан елеулі үлесін атап өтті.
«Орталық аппараттың да, барлық өндірістік филиалдардың да табысты және үйлесімді жұмысы жалғасын табады деп үміттенемін. Ағымдағы жылға арналған барлық жоспарларымыз сәтті орындалатынына сенімдімін. Назарларыңызға және жетілдіруге үздіксіз ұмтылыстарыңыз үшін рахмет!», – деп аяқтады есептік кездесуді Б.Асқаров.