Түркістан облысында 40-қа жуық тоқтап қалған газ нысандарының мәселесі шешілді. 1,5 жылдың ішінде саладағы «сақалды құрылыс» ретке келтіріліп, 120 мың абонент табиғи газбен қамтылды.
Бүгін Қазығұрт ауданында тағы бір автоматтандырылған газ тарату станциясы іске қосылды. Нәтижесінде 9 елді мекен халқы табиғи газбен қамтылмақ. «Шанақ» автоматты газ тарату станциясының құрылысы барысында жалпы 18 000 метр газ құбыры тартылған.
«Шанақ» автоматты газ тарату станциясының қуаттылығы 15000 м3/сағатты құрайды, 10-нан астам елді мекенге газ жеткізуге қауқарлы. Ал, қазіргі таңда атаулы газ тарату станциясының 6 елді мекенде (Шанақ, Ақжар, Ызабұлақ, Ескі Шанақ, Шанақ бекеті, Бақабұлақ) құрылыс жұмыстары аяқталып, 4 мың тұрғын, яғни, 600-ге жуық абонент табиғи газбен қамтамасыз етіліп жатыр.
Түркістан облысында былтыр 111 мыңнан астам халық газбен қамтылды. Бұл еліміздегі ең үлкен көрсеткіш. Одан бөлек, соңғы 10 жыл аралығында құрылысы жүргізіліп, іске қосылмаған нысандарды қосу бойынша жұмыстар қарқын алды. Халық санымен есептегенде, 1 млн 650 мыңға жуық халық не облыс тұрғындарының 77,8 пайызы табиғи газбен қамтылған.