“ҚазТрансГаз Аймақ” АҚ бас кеңсесінде компанияның бас директоры Бауыржан Асқаровтың төрағалығымен өндірістік қауіпсіздік және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі қызметтің биылғы бірінші тоқсандағы нәтижелері туралы өндірістік филиалдар директорларының есептері тыңдалған жиын өтті. Бас директор қызметкерлердің еңбегі мен өмірін қорғау – компанияның басты басымдығы екенін атап өтті. Қызметкерлер мен олардың қауіпсіздігі әрқашан бірінші орында тұруы керек.
Әр филиал атқарылған жұмыстардың толыққанды есебін беріп, қызметкерлердің өмірі мен еңбегін қорғауға қатысты түйткілді жайттарды ортаға салды. Әсіресе тиімді тәжірибелерге мән беріліп, жетілдірілуі тиіс жұмыстар назарға алынды.
Соның ішінде биылғы жұмысты жоспарлау мәселесі талқыға түсті. Әрбір өндірістік филиал еңбек қауіпсіздігін қорғауға бағытталған өздерінің стратегиялық мақсаттары мен нақты қадамдарын ұсынды. Тоқсан сайын еңбекті қорғау, өрт және өнеркәсіптік қауіпсіздіктің жай-күйін бағалау бойынша тексерулер жүргізіледі.
2024 жылдың 1 тоқсанында Компанияның Шымкент өндірістік филиалы еңбек жөніндегі мемлекеттік инспекцияның тексеруінен үш жыл мерзімге босататын Еңбекті қорғау жөніндегі Сенім сертификатын алды.
Қоғам қызметкерлері еңбекті қорғау, өнеркәсіптік қауіпсіздік, ПТМ және алғашқы медициналық көмек (парамедик) бойынша міндетті оқытудан өтеді.
Айта кетер жайт, Компания 2023 жылы Еңбек Қауіпсіздігі Мәдениетін қалыптастыру аясында қолға алынған «нөлдік жарақаттану» – Vision Zero Тұжырымдамасына қосылды. Соған сай қазір еңбек ұжымында әр қызметкер тәуекелдерді өздігінен бағалай алуы үшін және оны жоюға бірден шешім қабылдап, іс-қимылға кірісуге дағдыландыратын қауіпсіздікке байланысты мінез-құлық аудиты өткізіліп тұрады.
Сонымен қатар, жазатайым оқиғалардың алдын алудың «Near-Miss» және «Stop Work Authority» құралдары арқылы қауіпті оқиғалар жайынан хабардар болу, яғни, қауіпті жағдай туындаған кезде кез келген қызметкер жұмысты шұғыл тоқтата алу мүмкіндігі қарастырылуда.
«ҚазТрансГАз Аймақ» АҚ-да еңбек және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі Еңбек Заңнамасының міндетті талаптарын орындаумен қатар, өндірістік филиал директорларының қауіпсіздік пен еңбекті қорғау Комитетінің жұмысына тікелей қатысуын, еңбекті қорғау бойынша жиындар мен тексерістер өткізулерін қамтитын 2024 жылға арналған өндірістік қауіпсіздік бойынша Іс-шаралар жоспары да бекітілді.