Су тасқынынан зардап шеккен Атырау облысының тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсету туралы бастама көтеріп, еріктілерден жиналған қаржыға 4 машина жүк алып, жолға шыққан «ҚазТрансГаз Аймак» АҚ Маңғыстау өндірістік филиалының қызметкерлері Бейнеу ауылындағы қоймаға жеткізді. Бұдан әрі гуманитарлық көмек Құлсары қаласына жөнелтіледі. Бүгінде су басқан Құлсары қаласының 8 мыңдай тұрғыны Бейнеу ауылын уақытша паналап отыр. Осы сауапты істі ұйымдастырған газ мамандарына Бейнеу ауданының әкімі алғыс айтты.
Бұған дейін «ҚазТрансГаз Аймак» АҚ Маңғыстау өндірістік филиалының қызметкерлері тасқын судан зардап шеккен Құлсары қаласның тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсету туралы бастама көтергенін жазған болатынбыз. Бастамашы болған еріктілер тобы жиналған қаржыға алынған 200 адамға арналған төсек-орын жиынтықтары (матрац, жастық, көрпе, төсек-орын жабдықтары), азық-түлік, дәрі-дәрмек және тыныс-тіршілікке қажетті басқа да заттарды 4 жүк машинасына тиеп, 7 сәуір күні Құлсары қаласына қарай шыққан болатын.