1 наурыз – Түркістан облысы Шардара қаласының Төменгі Тоғай шағынауданының тұрғындары үшін айтулы күн. Көктемнің алғашқы күнінде «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ осы шағынауданды табиғи газға қосты.Бұл жобаны іске асырудың арқасында Шардара қаласы 100% табиғи газбен қамтылды.
Тұрғындар осы күнді 2 жыл күтті. Құрылыс – монтаж жұмыстары 2022 жылдың тамызында басталған болатын. Енді міне, барлық сынақ жұмыстары аяқталып, 657 үй орталықтандырылған газға қосылуға мүмкіндік алды. Тұтынушылар үшін ендігі шаруа – тиісті құжаттарды жинап, газға қосылу, сөйтіп, өркениет игілігін көру.
Қала жұртын бүгінгі ерекше оқиғамен құттықтаған “ҚазТрансГаз Аймақ” АҚ Түркістан өндірістік филиалының директоры Нұржан Түймебаев, табиғи газды пайдалану кезіндегі қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттілігін жиналғандар есіне сала кетті.
“Газ, әрине, өте тиімді, бірақ көгілдір отынды пайдалану кезінде қауіпсіздік бірінші орында тұруы тиіс. Оны сақтау ережелері өте қарапайым – жұмыс істеп тұрған газ плиталары мен газ су жылытқыштарын қараусыз қалдырмаңыз, кішкентай балаларды газ жабдықтарына жолатпаңыз және мұржаның түтін тартуын үнемі қадағалап отырыңыз”, – деді филиал директоры Н.Түймебаев.
Айта кетейік, көгілдір отын ықшамауданға «Шардара» автоматты газ тарату станциясынан беріледі. Қуаты- 50,0 мың м3/сағ. Станция қуатының қазір 15%-ы ғана пайдаланылуда.
Жалпы, бүгінгі күні Шардара ауданы 48% табиғи газбен қамтамасыз етілген.