You are currently viewing ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА ТАҒЫ БІР АУЫЛ ТАБИҒИ ГАЗҒА ҚОСЫЛДЫ

ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА ТАҒЫ БІР АУЫЛ ТАБИҒИ ГАЗҒА ҚОСЫЛДЫ

Жамбыл облысының Талас ауданындағы Ақкөл елдімекеніне табиғи газ берілді. Аудандағы халық ең тығыз орналасқан бұл ауылда бүгінде 2242 тұрғын бар. Ауыл халқына «көгілдір отынды» жеткізу үшін 117 шақырым газ құбыры жүргізілді.

Көгілдір отынға қол жеткізген тұрғындар алғыстарын білдірді.

Қуанышты сәтпен тұрғындарды құттықтаған газ мамандары, табиғи газды пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау керектігін ескертіп өтті.

Қауіпсіздік ережелері өте қарапайым:

  • жұмыс істеп тұрған газ плиталары мен газ су жылытқыштарын қараусыз қалдырмаңыз;
  • кішкентай балаларды газ жабдықтарына жақындатпаңыз;
  • мұржаның тартуын үнемі қадағалаңыз.

«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Жамбыл өндірістік филиалының директоры Бақтияр Көпбосыновтың айтуынша, жыл басталғалы Талас ауданында осымен үшінші елдімекен табиғи газға қосылып отыр. Бұған дейін Қызыләуіт, Ақтөбе ауылдарының тұрғындары табиғи газдың қызығын көре бастаған еді.

Енді Ақкөл ауылындағы 400-ден аса үймен қатар, табиғи газға 8 әлеуметтік нысан, 15 коммуналды-тұрмыстық объекті қосылатын болды.

Бүгінгі күні Талас ауданындағы 23 елдімекеннің 18-і көгілдір отын игілігін көріп отыр. Ауылды газдандыру салатанатына қатысқан облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің дерегі бойынша, ауданды толықтай 100% газдандыруды 2027 жылдың соңына дейін аяқтау көзделген.

Жалпы, Жамбыл облысының табиғи газбен қамтылу көрсеткіші 91,1 % -ға жетті. Биыл облыс бойынша тағы 11 елдімекенге газ жеткізу жоспарланып отыр.