2023 жылы Түркістан облысы халықты табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстарын сәтті орындады.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыстағы 833 елді мекеннің 515-і (62%) табиғи газға қосылды. Облыс халқының 80% құрайтын 1 млн. 653 мыңнан астам тұрғын ыңғайлы және экологиялық жағынан таза отынға қол жеткізді.
Жалпы, 2023 жылы Түркістан облысында 69 нысан газдандырылды. Жоғарыда аталған 57 елді мекеннен басқа, қалалардағы 12 шағын аудан, сондай-ақ 3 автоматтандырылған газ тарату станциясы (АГТС), үш өткізгіш газ құбыры газға қосылды. Бұл өз кезегінде жаңа 115 845 тұрғынға табиғи газға қол жеткізуді қамтамасыз етіп, оларға жайлылық сыйлап, өмір сүру сапасының деңгейін көтерді.
Бұл жетістіктер «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Түркістан өндірістік филиалының, Түркістан облысы әкімдігінің және барлық мүдделі тараптардың күш салуының нәтижесінде орын алды.
Облыс басшысы Дархан Сатыбалды халық алдында өз міндеттерін абыроймен атқарып жүрген газ қызметкерлерінің жұмысына ризашылығын білдірді. Облыс әкімінің «Алғыс хаты» компанияның бас директоры Бауыржан Асқаровқа жолданды.
«Сізге және Сіз басқарып отырған «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ ұжымына Түркістан облысының газ саласын дамытуға зор үлес қосқандарыңыз үшін шын жүректен алғыс айтамын», – делінген облыс әкімінің құттықтау хатында.
2024 жылы Түркістан облысы бойынша тағы 45 нысанды газдандыру жоспарлануда. Өңірде 2 119 063 тұрғын тұрады.