«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қарағанды өндірістік филиалы өз абоненттерінің санын арттыра түсті. 2023 жылғы 25 желтоқсанда Қарағанды қаласында 2000-шы абонент табиғи газға қосылды.
Қарағанды қаласын газдандырудың 3-кешенінің 1-кезегі аясында 2 852 тұрғын табиғи газға қол жеткізді.
Жалпы, бүгінгі күні Қарағанды және Ұлытау облыстары бойынша газға қосылу мүмкіндігі бар 10 655 үйдің 35 пайызы, яғни 3 673-і «көгілдір отынды» тұтынып отыр.
«Табиғи газдың басқа отындармен салыстырғанда артықшылықтары үлкен, бастысы, тұрғындардың өмір сүру деңгейін жақсартады, – дейді «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қарағанды өндірістік филиалының директоры Бекзат Шұға. – Алайда газды пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтау бірінші орында тұруы тиіс».
Екі мыңыншы абоненттің газға қосылуына орай өткен шарада газ мамандары тұрғындарды газды үнемді тұтынуға шақырды. Өйткені, үйге орнатылған газ қазандығы мен жылыту жүйесі заманауи болса да, үйді жылылау мәселесіне көңіл бөлінбесе, есік-терезе саңылауынан жылу сыртқа кетеді. Ол үшін қасбетті, шатырды, еденді сапалы жылылап, энергияны үнемдейтін екі қабатты терезелерді қою арқылы жылу жүйесін өзгертпестен газ тұтынуды азайтуға болады.
Сондай-ақ, мердігер ұйымдармен үйішілік газ жабдықтарына техникалық қызмет көрсету туралы шарт жасасу міндетті болып табылады.