«QazaqGaz» ұлттық компаниясының еншілес кәсіпорны «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Жетісай ауданындағы Байконыс, С. Сейфуллин, Әл-Фараби және Отан елді мекендерін табиғи газға қосты. Енді 1251 үйдің иелері табиғи газға қосылу мүмкіндігіне ие болды.
Қазіргі таңда Жетісай ауданында 187 384 тұрғын тұратын 113 елді мекен бар. Олардың 58,8% -ы, яғни 52 елдімекен табиғи газға қосылған.
Байқоныс, С.Сейфуллин, Әл-Фараби елді мекендеріне табиғи газ «Жетісай» газ тарату станциясынан жеткізіледі. Ал Отан елді мекені «көгілдір отынды» «Киров» газ тарату станциясынан алатын болады. Елді мекендерге газ жеткізу үшін 65 шақырымнан астам газ құбырлары, сондай-ақ 3 газ реттеу пункті және 741 газ реттеу шкафы салынды.
Жетісай ауданындағы 4 елдімекенге газ берілуі – ауданның дамуына бағытталған маңызды қадам болып табылады. Табиғи газға қосылу ауданның экологиялық тазалығын қамтамасыз етеді, сондай-ақ ауыл тұрғындарын жылыту маусымында көмір тасып, күл шығарудан құтқарады.
Алғашқылардың бірі болып үйін табиғи газға қосқан Байқоныс ауылының тұрғыны Шынарбек Монтаевтың газ мамандарына деген тілегі алғысқа толы.
– Бәрін жылдам қосып берді, үйіміз жылы, жайлылықты бірден сезініп жатырмыз! – дейді Ш. Монтаев. – Газ қызметкерлерінің жұмысына ризамыз. Газ деген ыңғайлы екен, ағаш жарып, көмір тасудың қажеті жоқ. Тек түймені басып, қажет температураны орнатасыз, болды!
С. Сейфуллин ауылының тұрғыны Ізтұрған Рахмет-Тілла бұл күнге дейін көршілер арасында газдандыру туралы түрлі әңгімелердің көп айтылғанын еске түсірді.
– Газдың не екенін білмедік қой. Енді көріп жатырмыз, газбен үйді жылыту деген өте жақсы, ыңғайлы екен, – дейді І.Рахмет-Тілла. – Газдандыру деген – газ құбырын жүргізе салу емес, бұл – барлық ауыл тұрғындары үшін экологиялық таза және жайлы өмірге қарай жасалған қадам дер едім. Үйіңізді газбен жылыту басқа отынға қарағанда әлдеқайда үнемді.
Табиғи газ өркениет пен жайлылықтың маңызды атрибуттарының бірі, халықтың тұрмыс жағдайы мен әл-ауқатының жақсарғанының белгісі екені сөзсіз. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ компаниясының миссиясы – халықты газбен үздіксіз қамтамасыз ету ғана емес, сонымен қатар тұтынушыларға қауіпсіздік ережелерін үйрету, оларды үнемі еске салып отыру. Сондықтан газ мамандары тұтынушыларды газ құрылғыларын пайдалану кезінде аса сақ және мұқият болуға шақырады.